Ежелгі заманда жан-жануарлар неліктен үлкен болған?

Ежелгі заманда жан-жануарлар неліктен үлкен болған?

15.05.2021 Выкл.
Динозаврлар 160 миллионға жуық жыл бойы Жер бетіндегі ең ірі жануарлар болды. Жер үсті алыптарынан өзге мұхитта да алып жорғалаушылар (монстр) өмір сүрді. Сонымен қатар қазіргі кей жан-жануар бұдан жүздеген миллион жыл бұрын алып болған. Уақыт өте келе олар кішірейіп отырған. Ал олардың ішіндегі ең ірілері болған динозаврлар жер бетінен мүлдем жойылып кетті.

Динозаврлар неге жойылып кеткен?

Динозаврлардың құрып кеткені туралы түрлі тұжырым бар. Солардың ішіндегі  Жерге астереоид, метеорит немесе кометаның соғылуы салдарынан болған деген пайымдау шындыққа жанасады. Жер тарихында жануарлардың жойылуының өзге де жағдайлыры бар, бірақ осыдан 65 милион жыл бұрын динозаврлардың жойылуы апат салдарынан болды. Соқтығысу салдарынан ауаға көтерілген тозаң бұлттар климатты өзгертті: өсімдіктер құрыды, жұмыртқалар басып шығарылмады, ал ересек жануарлар аштық пен суықтан қырылып қалды.

Ежелгі заманда  жан-жануарлар неліктен үлкен болған?

Ғалымдар бұл сұраққа әлі нақты жауап бере алмайды. Ерте заманда Жер бетінде қазіргіге қарағанда әлдеқайда таза оттегі көп болғандықтан, жан-жануарлар өте үлкен мөлшерде өскен деген жорамал бар. Ғалымдар мұндай қорытындыға жәндіктерді бақылау кезінде келген. Мысалы, оттегіге бай өңірлерде инелік сияқты жәндіктер үлкен боп өсетіні анықталған.

Сонымен қатар, бұрын Жер бетінде жануарлар үшін тамақ көп болған. Өсімдіктермен қоректенетіндерге өсімдіктер жеткілікті болса, жыртқыштар ірі отқоректілерді аулаған. Климаттың өзгеруіне байланысты тамақ мөлшері күрт төмендеген, сондықтан алып отқоректі жануарлар азайған. Ал олармен қоректенетін жыртқыштар да біртіндеп Жер бетінен жоғала бастаған. Эволюция барысында тірі қалғандары уақыт өте кішірейген.

2018 жылы Жаңа Зеландияның Уэйпара қаласы маңындағы өзен жағасынан алып пингвин қалдығы табылды. Ли Лав деген әуесқой палеонтолог өзен жағасынан пингвинге ұқсас жануардың сүйектерін тапқан. Ғалымдар қалдықтарды пингвиннің басқа түрлерінің сүйегімен салыстырып, жаңа пингвин түрінің өкілі 160 сантиметр, салмағы 80 келі болған және екі аяғында әрең тұрғанын, бірақ керемет жүзгіш болғанын анықтады. Бұл түр сол өзеннің құрметіне Crossvallia waiparensis деп аталды.

66-56 миллион жыл бұрын өмір сүрген ежелгі пингвиндер біздің заманымызға дейін сақталған ұрпақтардан әлдеқайда үлкен. Салыстыру үшін қазіргі император пингвинінің орташа биіктігі шамамен 123 сантиметр, салмағы 22-45 келі.

Таласбек Әсемқұловтың “кері кету селекциясы” немесе кейінгі ұрпақтың майдалануы

“Биологияда “кері селекция” деген ұғым бар. Ол бойынша түрлі апат, катаклизм, індеттің кезінде тіршіліктің ең қарапайым түрлері аман қалады да, керісінше тіршіліктің күрделі түрлері жойылып кетеді. Бұл ұғымның адамзат тарихына да қатысы бар. Соғыс әлеуметтік катаклизм ретінде әлеуметтік организмге кері әсерін тигізеді. Қазақтың ең үлкен биологиялық шығыны 2 ғасырдан астам созылған қалмақ соғысынан болды”, – дейді белгілі жазушы, күйші, сыншы және мифолог Таласбек Әсемқұлов.

Жер бетіндегі тіршіліктің біртіндеп майдалануы табиғи жағдай. Адамдар сынды жан-жануар арасында да “соғыс” болды, күшті әлсізді жеді, тағылық заң үстемдік құрды. Мұндай жағдайда алып отқоректі  динозаврлар біртіндеп кішірейе берді. Мысалы, Динозаврлардың өмір сүрген жылдарының ретімен қоятын болсақ, олардың миллиондаған жыл өтіп кішірейіп отырғанына куә боламыз:

Сейсмозавр, ұзындығы – 50 метрге дейін, салмағы – 50-80 тонна, өмір сүрген уақыты – 145-156 миллионыншы жылдар;

Антарктозавр, ұзындығы – 30 метр, салмағы – 50-80 тонна, өмір сүрген уақыты –  89,3-70,6 миллион жыл бұрын;

Брахиозавр, ұзындығы – 25 метр, салмағы – 50 тонна, өмір сүрген уақыты – 150,8-145,5 миллион жыл бұрын;

Апатозавр, ұзындығы – 20 метр, салмағы – 20-30 тонна, өмір сүрген уақыты – 157,3-145,0 миллион жыл бұрын;

Дипладок, ұзындығы – 23 метр, салмағы – 12 тонна, өмір сүрген уақыты – 57,3-145,0 миллион жыл бұрын.

Демек ғалымдар айтқандай табиғаттағы апаттың кесірінен Жер бетіндегі қоректің азаюы, оттегінің жетіспеуі, күштінің әлсізді түтіп жеуінің салдарынан алып жануарлар кішірейіп, тіпті кейбірі Жер бетінен мүлдем жойылып кеткен.

184